$ 456.88 € 534.64 ₽ 5.47

"290 млн теңге салық төлемеген": Қазақстандық әйел Ресейден елге қайтарылды

Абдрахманов Мағжан
21 тамыз 2026, 15:56
"290 млн теңге салық төлемеген": Қазақстандық әйел Ресейден елге қайтарылды Сурет авторы: depositphotos

Аса ірі көлемде салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресейден экстрадицияланды, деп хабарлады Бас прокуратура.

Тергеу нұсқасы бойынша, әйел 2022-2023 жылдары коммерциялық ұйымды басқарып, компанияның табысы туралы салық декларацияларына бұрмаланған мәлімет енгізген. Соның салдарынан бюджетке 290 млн теңгеден астам салық түспеген.

Бас прокуратура мәліметінше, кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

2026 жылғы қаңтарда ол Ресейдің Краснодар қаласында ұсталды. Қазақстан тарапының сұрауы бойынша күдікті елге экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған айып бойынша сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ сот үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысуға немесе белгілі бір лауазымды атқаруға тыйым салуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар