$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41

Reuters: Қазақстанмен байланыстырылған хакерлер Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған

Абдрахманов Мағжан
15 қазан 2026, 13:28
Reuters: Қазақстанмен байланыстырылған хакерлер Ресейдегі мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған Сурет авторы: Qrnews/ ЖИ иллюстрациясы

Қазақстанмен байланысы бар делінген Silent Lynx хакерлер тобы биыл Ресейдегі мұнай өңдеу зауытын нысанаға алып, Нижний Новгород қаласы билігінің ақпараттық жүйесіне кірген. Бұл туралы Cisco және Recorded Future компанияларының зерттеуіне сүйенген Reuters хабарлады.

Зерттеушілер Silent Lynx тобының Қазақстанда орналасуы ықтимал деп санайды. Cisco Talos бұл топтың Қазақстанмен байланысын орташа сенімділікпен бағалаған. Бұған зиянды бағдарламалардың Қазақстаннан тексерілуі, топ белсенділігінің Қазақстандағы жұмыс уақытымен сәйкес келуі, тілдік белгілер және шабуылдардың өңірлік бағыттары негіз болған. Алайда зерттеушілер топтың нақты қайдан әрекет ететіні жөнінде әлі де сұрақтар бар екенін атап өтеді.

Зерттеу дерегінше, хакерлер Ресейдің оңтүстігіндегі «Орскнефтеоргсинтез» мұнай өңдеу зауытын нысанаға алған. Кәсіпорын Қазақстан шекарасынан шамамен 25 шақырым жерде орналасқан. Сондай-ақ зерттеушілер Нижний Новгород билігінің ақпараттық жүйесіне хакерлердің кіргенін көрсететін деректер тапқан.

Silent Lynx көбіне нысаналы фишинг тәсілін қолданады. Хакерлер маңызды құжатқа ұқсайтын файл тіркелген электронды хат жібереді. Оны ашқан жағдайда құрылғыға зиянды бағдарлама жұғуы мүмкін. Топ кемінде 2024 жылдан бері Орталық Азиядағы мемлекеттік мекемелерді, дипломатиялық өкілдіктер мен азаматтық қоғам ұйымдарын нысанаға алып келеді.

Зерттеушілер Silent Lynx-тің Тәжікстан мен Беларусь мемлекеттік мекемелерінің жүйесіне де кіргенін мәлімдеді. Олардың бағалауынша, топтың кейбір әрекеті Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар оқиғалармен тұспа-тұс келген.

Reuters мәліметінше, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Беларусь билігі агенттіктің сауалына жауап бермеген. Хакерлер тобымен де байланысу мүмкін болмаған. Сондықтан зерттеушілердің Қазақстанмен байланыс жөніндегі тұжырымы әзірге тәуелсіз түрде расталған факт емес.

Соңғы жаңалықтар