$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41

Алматылық жастар кітап оқып, ақшалай сыйлық ұта алады

Редакция
15 қазан 2026, 12:12
Алматылық жастар кітап оқып, ақшалай сыйлық ұта алады Сурет авторы: Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы «Оқитын ұлт» жалпыұлттық марафоны аясында жастар арасында кітап оқудан чемпионат басталғанын хабарлайды. Шараның басты мақсаты - жастар арасында кітап оқуды дәріптеу және талдау жасау дағдыларын дамыту.

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 400 мың теңгені құрайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арасында қаржылай сыйлықтар келесідей бөлінеді:

  • 1-орын (1 қатысушы): 100 000 теңге;

  • 2-орын (2 қатысушы): 75 000 теңгеден;

  • 3-орын (3 қатысушы): 50 000 теңгеден.

Байқауға қатысушыларға оқу үшін төрт әдеби шығарма ұсынылады:

  1. Сайын Мұратбеков — «Жусан иісі»

  2. Олжас Сүлейменов — «АЗ и Я»

  3. Мари Фаверо — «Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті»

  4. Арман Әлменбет — «Тергеуші»

Қатысушылар таңдалған шығарма бойынша уақыты 1 минуттан 3 минутқа дейінгі видеошолу (видеорецензия) әзірлеуі тиіс. Видеода шығарманың негізгі идеясы ашылып, мәтіннен кемінде екі мысал келтірілуі және авторлық қорытынды берілуі қажет.

Жұмысты тіркеу үшін Instagram әлеуметтік желісінде таңдалған кітаптың атауын көрсетіп, #oqitynult хештегімен пост жариялау, содан кейін дайын видеошолуды осы хештегпен орналастыру талап етіледі.

Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды төрт негізгі критерий бойынша бағалайды:

  • Мазмұнын терең түсіну;

  • Дәлелдемелердің сапасы;

  • Пікірлердің дербестігі;

  • Логика мен баяндаудың анықтығы.

Ең жоғары бағалау көрсеткіші — 100 балл.

Видеотүсірілімдерді қабылдау 19 қазанға дейін жалғасады. Жұмыстарды бағалау 20-22 қазан аралығында жүргізіліп, чемпионат жеңімпаздары 23 қазанда ресми түрде жарияланады.

Соңғы жаңалықтар