$ 454.14 € 509.23 ₽ 5.41

БҰҰ Қазақстанды тұрмыстағы зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде тануға шақырды

Абдрахманов Мағжан
15 қазан 2026, 09:49
БҰҰ Қазақстанды тұрмыстағы зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде тануға шақырды Сурет авторы: Ulysmedia коллажы

БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті (CEDAW) Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде қарастыратын заң қабылдауға шақырды. Human Rights Watch мәліметінше, 6 қазанда комитетте елдің есебі қаралған кезде Қазақстан делегациясы тиісті заң қабылдауға міндеттеме алған.

Human Rights Watch Қазақстанда қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арнайы заң жоқ екенін атап өтті. 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңның күші жойылып, оның орнына биыл наурызда күшіне енген «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң қабылданған. Онда тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпы жүйесі аясында қарастырылады.

Қазақстан делегациясы комитет отырысында «зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеу қағидаты жүргізіліп жатқан реформалардың негізіне айналғанын» айтқан. Сондай-ақ 2024 жылы елде тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін мәлімдеген.

Алайда CEDAW сарапшылары қолданыстағы шаралардың тиімділігіне қатысты сұрақтар қойған. Комитеттің Қазақстан бойынша баяндамашысы тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың әлі күнге дейін жеке қылмыстық құқық бұзушылық ретінде белгіленбегеніне назар аударды.

«Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықты жеке құқық бұзушылық құрамына бөлуге, қорғау нұсқамаларын қолдану тетігін күшейтіп, жетілдіруге, қабылданатын шаралардың тиімділігін және кінәлілердің жауапқа тартылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ зардап шеккендердің сот төрелігі мен қажетті қызметтерге қол жеткізуіне кепілдік беруге бағытталған реформалар жүргізуі керек», – деп мәлімдеді Human Rights Watch.

Ұйым Қазақстан билігін әйелдерге зорлық-зомбылық ауыр сипатқа ұласпай немесе адам өліміне әкелмей тұрып нақты қорғаныс пен көмек көрсететін тетіктерді қамтамасыз етуге шақырды.

Human Rights Watch мәліметінше, Қазақстан делегациясы CEDAW алдындағы талқылау кезінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты жеке қылмыс ретінде қарастыратын заң қабылдауға міндеттеме алған. Алайда мұндай өзгерістің нақты қашан енгізілетіні әзірге айтылған жоқ.

Соңғы жаңалықтар