$ 450.62 € 504.2 ₽ 5.36

РФММ-дегі балалардың жаппай улануы: асханадан заң бұзушылықтар табылды

Абдрахманов Мағжан
14 қазан 2026, 12:39
РФММ-дегі балалардың жаппай улануы: асханадан заң бұзушылықтар табылды Сурет авторы: ашық дереккөзден

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары жаппай сырқаттанғаннан кейін жүргізілген тексеру кезінде асханадан бірқатар заң бұзушылық анықталды. Тексеру материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мамандары мектепті тамақпен қамтамасыз ететін «Master Food» ЖШС-нің ас блогын тексерген. Нәтижесінде азық-түлікті сақтау, дайын тағамның тәуліктік сынамаларын алу және тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарының бұзылғаны анықталды.

Инфекцияның қайдан тарағанын анықтау үшін су мен азық-түліктен сынама және түрлі беттерден сүртінді алынған. Асхана қызметкерлері де тексерілді. Зертханалық зерттеулер әлі жалғасып жатыр.

Тексеру қорытындысымен бес қаулы шығарылған. Мектеп пен асхананың жұмысы тоқтатылып, кей тағамдарды сатуға тыйым салынды және уақытша санитариялық шаралар енгізілді. Қажетті құжаттары болмаған сүт өнімдері тәркіленген.

Мектеп интернатының ғимаратында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Науқастармен байланыста болған адамдар дәрігерлердің бақылауына алынды.

12–14 қазан аралығында РФММ-нің 48 оқушысы жіті ішек инфекциясының белгілерімен қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған. Тағы алты бала интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында. Балалардың жағдайы тұрақты, ешқайсысына жансақтау көмегі қажет емес.

Мектептегі сабақ 14–16 қазан аралығында қашықтан өтеді.

Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатқанын мәлімдеді. Балалардың нақты неден сырқаттанғаны зертханалық зерттеулер аяқталғаннан кейін анықталмақ.

Соңғы жаңалықтар