Темірге түскен тарих: қазақ сауытын жасауға бет бұрған жас шебер
Сурет авторы: Елжас Жағалбайдың Qrnews редакциясына ұсынған суреті
Темір шығыршықтар бір-біріне кезек жалғанады. Бір қарағанда, бүгін жасалып жатқан бұл сауыттың бірнеше ғасыр бұрын жауынгер үстінде болған үлгіден айырмасы жоқтай көрінеді. Бірақ әр шығыршықтың артында сағатқа созылған еңбек қана емес, жоғалған тарихты қайта құрастыру талпынысы жатыр.
Елжас ұсынған сурет
Бұл сауытты жасап отырған – Елжас Жағалбай. Ол сауытшылықпен ұзақ жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіби ұста емес. Қазақ жауынгерінің қорғаныс жарағына 2025 жылдың соңында ғана қызыға бастаған. Содан бері бір сауытты өз қолымен жасап шықты. Аз уақыттың ішінде бірнеше шебермен байланыс орнатып, тарихи үлгілерді зерттеуге кіріскен.
Қызығушылықты оятқан «Дарабоз»
Елжастың сауытқа ден қоюына Қабанбай батыр туралы «Дарабоз» романы әсер еткен.
«Романда жекпе-жек өнері мен жауынгердің сауыт киген бейнесі жақсы ашылған. Маған қатты әсер етті. Сауытқа деген қызығушылығым сол кітаптан басталды», – дейді Елжас.
Көркем шығармада суреттелген батыр бейнесі оны қазақ жауынгерлерінің шын мәнінде қандай сауыт кигенін іздеуге жетелеген. Алғашында ол интернеттен ақпарат қарап, TikTok пен басқа да платформалардан сауыт жасайтын ұсталарды іздей бастайды.
Кейін бес-алты шебердің басын қосып, WhatsApp желісінде ортақ топ ашқан. Қазір олар жасаған бұйымдарын көрсетіп, материал таңдау, темірді өңдеу және сауытты құрастыру тәсілдері жөнінде бір-бірімен тәжірибе алмасады.
«Ұсталарды интернеттен таптым. Сөйлесіп, ортақ топ құрдық. Қазір бір-бірімізге ақыл-кеңес беріп отырамыз. Өзім үйренген дүниелерді де өзгелермен бөлісуге тырысамын», – дейді ол.
Арнайы мектебі мен жүйелі оқыту бағдарламасы жоқ ортада мұндай шағын қауымдастық шеберлер үшін тәжірибе жинаудың бір жолына айналған.
Алғашқы сауытын сатып алған
Елжастың қолына түскен алғашқы сауытты өзі жасамаған. Ол Қытайдан темір пластиналардан құрастырылған дайын сауыт сатып алған. Ол оны көбе сауыт деп атайды.
Елжас ұсынған сурет
Елжас бұл сауытты Наурыз мерекесінде киіп шыққан. Көшедегі адамдардың ықыласы тарихи киімге қызығушылықтың бар екенін көрсеткен.
«Адамдар тоқтамай суретке түсті. Сауыт көпшіліктің назарын бірден аударды», – дейді Елжас.
Алайда дайын сауытты киіп көру мен оны өз қолыңмен жасау екі бөлек дүние еді. Елжас кейін қорғаныс киімінің құрылысын тереңірек зерттеп, алғашқы және әзірге жалғыз сауытын жасауға кірісті.
Екі айға созылған жұмыс
Елжас өзі жасаған сауытты берен сауыт деп атайды. Орыс тіліндегі деректерде кездесетін «бахтерец» атауының орнына қазақша «бектер» сөзін қолданған дұрыс деп есептейді.
Қазақтың тарихи және эпостық мәтіндерінде «бектер», «берен», «көбе», «кіреуке», «зере», «бадана», «торғауыт» секілді сауыт атаулары кездеседі. Кейбір деректерде «бектер» жағасы бар қорғаныс сауыты немесе жеңсіз сауыт мағынасында түсіндіріледі.
Елжас ұсынған сурет
Елжас сауытты екі ай бойы негізгі жұмысынан кейін жасаған. Күн сайын шамамен бір-екі сағатын темірді дайындауға, сымды өңдеуге және бөлшектерді біріктіруге жұмсаған.
«Сауытқа темір мен сым қажет болды. Екі ай бойы жұмыстан келгеннен кейін бір-екі сағатымды соған арнадым», – дейді ол.