$ 447.8 € 516.76 ₽ 5.3

Банктер арасында енді 1 миллион теңгеге дейін ақша аударуға болады

Редакция
15 қыркүйек 2026, 15:25
Банктер арасында енді 1 миллион теңгеге дейін ақша аударуға болады Сурет авторы: Midjourney

Қазақстанда әртүрлі банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аудару ережесіне маңызды өзгеріс енгізілмек. Егер жаңа жоба мақұлданса, банкаралық мобильді төлемдер жүйесіндегі шектеу екі есеге артып, 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін өседі.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинур Жаленовтың айтуынша, қазіргі таңда тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында талқылауға шығарылған. Құжат күшіне енсе, қазақстандықтар банк қосымшалары арқылы басқа банктегі шоттарға телефон нөмірімен бірден миллион теңгеге дейін аудара алады.

«Әр банктің өз тәуекел саясаты бар, олар клиенттеріне тәуліктік немесе айлық лимиттерді өздері орнатады. Ал бұл - біздің жүйе шеңберінде бекітілетін базалық лимит. Егер жоба қабылданса, шекті сома 1 миллион теңгеге жетеді», - деп түсіндірді Бинур Жаленов.

Ұлттық банк өкілі бұл норма қазан айының соңында күшіне енуі тиіс екенін атап өтті. Егер клиенттің өз банкіндегі жеке лимиттері рұқсат берсе, қазақстандықтар банкаралық аударымдарды жаңа ереже бойынша жүзеге асыра алады.

Соңғы жаңалықтар