$ 444.58 € 510.29 ₽ 5.27

«Өз елдеріңде өліңдер»: Таиланд премьер-министрі шетелдіктерге қатысты даулы мәлімдеме жасады

Редакция
18 қыркүйек 2026, 14:49
«Өз елдеріңде өліңдер»: Таиланд премьер-министрі шетелдіктерге қатысты даулы мәлімдеме жасады Сурет авторы: depositphotos.com

Таиланд билігі елде ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан шетелдік азаматтарға қатысты шұғыл әрі қатаң ескерту жасады. Елдің Премьер-министрі Анутхин Чанвиракун шетелдіктердің Таиландты жай ғана «өмір сүріп, өлетін мекен» ретінде қарамауын талап етті. Үкімет басшысының мұндай кесіп айтқан ашулы мәлімдемесіне шетелдіктер тарапынан жеке зират салуға түскен өтініш түрткі болған.

Өңір губернаторларымен өткен маңызды жиында премьер-министр шетелдіктердің тек заңды жұмыс істеп, өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін келуі тиіс екенін баса айтты. Сонымен қатар жергілікті азаматтардың атын жамылып заңсыз бизнес жүргізуге және рұқсатсыз діни ұйымдар құруға тыйым салынатынын ескертті.

«Жақында шетелдіктердің жеке зират ашуға өтініш бергенін білдім. Бұл тіпті шектен шығу. Осы елге келіп, адал еңбек етуге мүмкіндік бергенімізге риза болу керек. Егер ажал жетіп өлетін болсаңыздар, өз отандарыңызға барып өліңіздер. Бұл жерде өлудің керегі жоқ», - деп қатаң айтты Анутхин Чанвиракун.

Үкімет басшысы заң бұзғандар мен жергілікті дәстүрді сыйламайтындарды елден жедел түрде депортациялау механизмін белсенді қолдануды тапсырды. Бұл ескерту Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Африкадан келген барлық азаматтарға қатысты.

Айта кетейік, Таиланд жақында көші-қон ережелерін де катаңдатты. 2026 жылдың 15 қыркүйегінен бастап Қазақстан азаматтары үшін визасыз жүру мерзімі екі есеге, бұрынғы 60 күннен 30 күнге дейін қысқартылды.

Соңғы жаңалықтар