$ 444.88 € 513.26 ₽ 5.28

Қазақстандағы 2,6 мың ауыл мектебіне жасанды интеллект енгізілмек

Абдрахманов Мағжан
16 қыркүйек 2026, 18:28
Қазақстандағы 2,6 мың ауыл мектебіне жасанды интеллект енгізілмек Сурет авторы: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда шағын жинақты мектептерге жасанды интеллект енгізу басталды. 1 қыркүйекте іске қосылған сынақ жобасына әзірге Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қатысып жатыр.

Жоба аясында 4-сыныпта оқитын 50-ден астам бала математика, цифрлық сауаттылық, қазақ тілі және орыс тілі пәндерін жаңа үлгіде оқып жатыр. Жоспар бойынша 2027 жылғы қаңтарда жобаға қатысатын мектеп саны кемінде 50-ге, сәуірде 440-қа жетеді. Ал 2028 жылдың шілдесіне қарай елдегі 2,6 мыңға жуық шағын жинақты мектепті толық қамту көзделген.

Сабақ аралас үлгіде өтеді. Педагогтер «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығындағы арнайы жабдықталған студиядан ауыл мектептеріне онлайн сабақ береді. Ал сыныптағы жергілікті мұғалім балаларға материалды меңгеруге көмектеседі. Оқушылардың сабаққа қатысуы мен белсенділігі арнайы интерактивті құрылғылар және цифрлық құралдар арқылы бақыланады.

Жасанды интеллект оқушылардың жауаптарын талдап, қай тақырыптан қиналып жүргенін және кімге қосымша көмек қажет екенін анықтауға көмектеседі. Жобаны әзірлеушілер бұл әр баланың білім деңгейіне қарай оқытуға мүмкіндік береді деп отыр.

«Астананың білікті мұғалімдері ауыл мектептеріне онлайн форматта тікелей сабақ өткізеді. Сонымен қатар сыныптағы мұғалім балалардың жанында, ал ЖИ оқушылардың жауаптарын талдайды, білімдегі олқылықтар мен әлсіз жақтарды табуға және кімге қосымша көмек қажет екенін айқындауға көмектеседі. Яғни, біз дербес білім беру моделіне көшіп жатырмыз», – деді Q.AI компаниясының бас директоры Дмитрий Мун.

Оның айтуынша, жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, педагогтің мүмкіндігін кеңейтіп, жұмысын тиімді етуге арналған. Жобаның негізгі мақсатының бірі – ауыл мен қала оқушыларының білім алу мүмкіндігіндегі алшақтықты азайту.

Жуырда Үрімшіде қазақстандық Q.AI компаниясы мен халықаралық 01.AI компаниясы жобаны кезең-кезеңімен кеңейту жөнінде келісімге қол қойды. 01.AI компаниясын жасанды интеллект саласының сарапшысы, Қазақстан Президенті жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фу құрған.

Жобаның технологиялық негізі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ базасында орналасқан. Жасанды интеллект платформасы отандық суперкомпьютерлік кластердің есептеу қуатын пайдаланады. Сонымен бірге мұғалімдерді, мектеп басшыларын және аудандық білім бөлімдерінің мамандарын даярлау жалғасады.

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқушылардың жасанды интеллект саласындағы дағдыларын мектептен бастап дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Ол 2026–2029 жылдары орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу жөніндегі кешенді жоспардың бір бөлігі.

Соңғы жаңалықтар