$ 447.8 € 516.76 ₽ 5.3

Қазақстан корей компаниясымен бірге спутник шығаруды жоспарлап отыр

Абдрахманов Мағжан
15 қыркүйек 2026, 09:23
Қазақстан корей компаниясымен бірге спутник шығаруды жоспарлап отыр Сурет авторы: Үкімет

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның CONTEC Space Group компаниясы елімізде спутник бөлшектерін өндіретін орталық құру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Өнімді кейін Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа нарықтарына шығару көзделген, деп хабарлады Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі.

Сеулде Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев CONTEC Space Group компаниясының құрастыру-сынау кешеніне барып, компанияның басқарма төрағасы Ли Сонхимен кездесті.

Келіссөзде CONTEC-тің «Ғалам» жобасына инвестиция салуы, спутниктер мен олардың бөлшектерін бірлесіп өндіру және жерүсті стансаларының желісін дамыту мәселелері талқыланды.

Қазақстанда ірі жерүсті антенна жүйелерін өндіру де қарастырылып жатыр. Бұған қоса, жасанды интеллект көмегімен спутниктік суреттерді өңдеу технологияларын дамытуға назар аударылған. Мұндай технология Жерді ғарыштан бақылау кезінде алынған деректерді сараптап, оларды түрлі салада пайдалануға мүмкіндік береді.

CONTEC Қазақстанда еншілес компания ашуы мүмкін

CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Топ Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізеді.

Компания Чили, АҚШ, Оңтүстік Африка Республикасы және Австралияны қоса алғанда, әлем бойынша 17 жерүсті стансасын басқарады.

Алдағы уақытта CONTEC-тің Қазақстанда еншілес компаниясын құру және әріптестік шарттарын нақтылау жоспарланып отыр. Ынтымақтастықтың егжей-тегжейі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары кезінде таныстырылмақ.

Соңғы жаңалықтар