$ 447.8 € 516.76 ₽ 5.3

Сауд Арабиясына зымыран және дрон шабуылы жасалды: 13 адам жараланды

Абдрахманов Мағжан
15 қыркүйек 2026, 11:01
Сауд Арабиясына зымыран және дрон шабуылы жасалды: 13 адам жараланды Сурет авторы: AP photo

Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Хамис-Мушайт қаласында орналасқан әскери әуе базасына зымырандармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасады. Салдарынан 13 бейбіт тұрғын жараланды, деп хабарлады Reuters.

Хуситтердің мәлімдеуінше, шабуыл кезінде әуе базасындағы ұшақ тұрақтары, ұшу-қону жолақтары, радар жүйелері мен оқ-дәрі қоймалары нысанаға алынған. Олар мұны Сауд Арабиясының Йемен аумағына жасаған әуе соққыларына жауап деп атады.

Жаңа шабуылдар хуситтер Йеменнің Қызыл теңіз жағалауындағы ықпалын күшейтіп жатқан тұста болды. Reuters мәліметінше, олар стратегиялық маңызы бар Перим аралын бақылауға алып, Баб-эль-Мандеб бұғазына жақындаған. Бұл бағыт әлемдік теңіз саудасы мен мұнай тасымалы үшін маңызды.

Мұнай тасымалына қауіп күшейді

Аймақтағы жағдайдың ушығуы әлемдік мұнай нарығына да әсер етіп отыр. Бұған дейін Сауд Арабиясының Ормуз бұғазын айналып өтіп, мұнайды Қызыл теңізге жеткізуге мүмкіндік беретін Шығыс – Батыс құбырына шабуыл жасалған еді. Құбыр әлі толық іске қосылған жоқ. Оның ұзақ уақыт тоқтап қалуы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 4 пайызына әсер етуі мүмкін.

15 қыркүйекте Ормуз бұғазы арқылы тауар таситын небәрі төрт кеме өткен. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш тәулігіне орта есеппен 125 кеме болған. Баб-эль-Мандеб бұғазындағы кеме қозғалысы да азайған.

Осы жағдайлар аясында Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман АҚШ Орталық қолбасшылығының басшысы Брэд Купермен кездесіп, аймақтағы ахуалды талқылады. Reuters дерегінше, Вашингтон Сауд Арабиясына барлау ақпаратымен және нысаналарды анықтауға көмектесуге келіскен, алайда АҚШ-тың хуситтерге тікелей соққы жасауына Дональд Трамп әзірге келісім бермеген.

Соңғы жаңалықтар