$ 450.91 € 522.69 ₽ 5.33

Катонқарағай әуежайының ашылу мерзімі өзгерді

Редакция
14 қыркүйек 2026, 11:08
Катонқарағай әуежайының ашылу мерзімі өзгерді Сурет авторы: primeminister.kz

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа әуежайлардың құрылысы жүріп жатыр. Екі нысанда да негізгі инфрақұрылымның басым бөлігі салынған. Атқарылып жатқан жұмыстың барысымен ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев танысты. Бұл туралы Altainews-ке сілтеме жасап, QRNews хабарлайды.

Жалпы, азаматтық авиация саласында биыл Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі туристік аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуы тиіс болатын. 

Катонқарағай ауданындағы әуежай құрылысы тау бедерінің күрделілігіне байланысты қосымша қиындықтарға тап болды. Болашақ әуежай аумағынан 2,5 миллионнан астам тонна топырақ шығарылған, ал ғимараттар мен құрылыстардың беріктігін қамтамасыз ету үшін қосымша шамамен 3 шақырымдық тіреу қабырғалары салынуға тура келді. Сонымен қатар әуеайлақ перроны толық дайындалып, республикалық маңызы бар автожолдан әуежайға дейінгі 5 шақырымдық кіреберіс жол бөлігі төселген. Осы қиындықтардың салдарынан нысанды пайдалануға беру мерзімі бастапқы жоспардан үш айға шегеріліп, 2026 жылдың желтоқсанына ауыстырылды. Қазіргі уақытта нысанда жолаушылар терминалы, техникалық ғимараттар және «Қазаэронавигация» РМК-ның арнайы инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы жалғасып жатыр.

Жаңа әуежайлардың пайдалануға берілуін күтпей-ақ, Көлік министрлігі болашақ рейстер бағыттарын да алдын ала пысықтап жатыр. Атап айтқанда, биылғы тамыз айында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Urumqi Airlines әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лянмен кездесуінде қазақстандық тарап қытайлық әуе компаниясына Өскемен мен Семей қалаларына қоса, алдағы уақытта пайдалануға берілетін Зайсан және Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға да рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. 

Жалпы алғанда, елдегі көлік саласы биыл тұрақты өсу қарқынын көрсетіп келеді. Қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша саладағы нақты көлем индексі 112,8 пайызды құраған. Авиация паркін жаңарту жұмысы да қатар жүргізілуде. Биыл 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланған, жыл басынан бері «Air Astana» 1, ал «SCAT Airlines» 2 ұшақ сатып алды. Осындай кешенді жаңғырту аясында соңғы айларда бірнеше өңірлік бағыттар да қайта жандандырылды. Мысалы, тамыз айында Арқалық қаласына 30 жылдан кейін тұрақты әуе қатынасы қайта ашылды.

 

Соңғы жаңалықтар