$ 444.58 € 510.29 ₽ 5.27

Алматыда жастар үшін толықтай тегін жаңа кеңістік есігін айқара ашты

Редакция
18 қыркүйек 2026, 17:59
Алматыда жастар үшін толықтай тегін жаңа кеңістік есігін айқара ашты

Қала күні мерекесіне орай Әуезов ауданында ауданы 400 шаршы метрді құрайтын ерекше жаңа комьюнити-центр салтанатты түрде ашылды. Ішінде дыбыс жазу студиясы, би залы, робототехника мен 3D-модельдеу аймақтары, сондай-ақ цифрлық контент жасауға арналған арнайы кеңістік қарастырылған. Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының хабарлауынша, орталық ұсынатын барлық мүмкіндіктер мен консультациялық алаңдар жастар үшін тегін.

Жаңа кеңістіктің жұмысымен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нұкенов арнайы танысты. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба бүгінде мегаполистің барлық ауданын қамтып отыр. Қазіргі таңда қала бойынша осындай 12 орталық табысты жұмыс істеп тұр.

«Жастар орталығы жай ғана іс-шаралар өтетін орын болып қалмай, әрбір жас азаматтың білім алып, дамып, өз идеяларын өмірде жүзеге асыруына жол ашатын ортаға айналуы тиіс», - деп атап өтті Абзал Нұкенов.

Комьюнити-центрдің ең тартымды бағыттарының бірі - «AI Креатор» курсы. Бұл жерде жастар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, идея мен сценарийден бастап визуал, дыбыс және монтажға дейінгі контент жасауды тегін үйренеді. Алғашқы ағынға 20-ға жуық қатысушы тіркеліп үлгерген.

Бұдан бөлек, дыбыс жазу студиясында ән мен подкаст жазуға, би залында шеберлік сабақтарын өткізуге, ал контент аймағында фото мен видео түсіруге барлық жағдай жасалған. Ал робототехника бөлімінде ашылу салтанатына орай Алматының басты символы- алма бейнеленген «Тілектер ағашы» құрастырылды.

Орталықтың ашылу күнінде «ALMATY 24 sagat» бейнебайқауы да бастау алды. Қатысушылар 24 сағат ішінде сүйікті қаласы, өз ауданы мен ондағы ерекше жандар туралы қысқаша видеотүсірілім дайындауы тиіс.

«Біз үшін әрбір жастың өз бағытын тауып, жаңа дағды меңгеруі, технология мен шығармашылықта бағын сынап, жеке жобасын бастауы өте маңызды», - деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.

Айта кетейік, жыл басынан бері 10,6 мыңнан астам алматылық жас комьюнити-центрлер арқылы жұмысқа орналасу, кәсіби бағдар алу, сондай-ақ психологиялық және құқықтық кеңестерге қол жеткізген. «Заң мен тәртіп» бағыты аясында 18 мыңнан астам адамның қатысуымен 190-ға жуық шара өтсе, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы 10 мыңнан астам жастың басын қосты.

Соңғы жаңалықтар