$ 509.63 € 592.34 ₽ 6.54

«Тарихым – тұғырым»: БИЛ оқушылары ұлттық жадыны театр тілімен жеткізді

Абдрахманов Мағжан
22 желтоқсан 2025, 15:05
«Тарихым – тұғырым»: БИЛ оқушылары ұлттық жадыны театр тілімен жеткізді Сурет авторы: БИЛ (Ақтау ер БИЛ – «Алаш мұраты – тәуелсіздік» қойылымы)

20 желтоқсанда Астана қаласындағы Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында тұңғыш рет "Білім-инновация" лицейлері арасында «Тарихым – тұғырым» атты қойылымдар фестивалі өтті. Фестивальге еліміздің әр өңірінен 29 лицей қатысып, іріктеу кезеңінен үздік деп танылған 5 лицей ақтық мәреде өз қойылымдарын ұсынды.

Финалға шыққан командалар тарихи тақырыптарды сахналық тілмен бейнеледі. Ақтау ер БИЛ «Алаш мұраты – тәуелсіздік» қойылымын көрсетсе, Қызылорда қыз БИЛ «Жазықсыз жандардың жылаған даласы – АЛЖИР» тақырыбын көтерді. Өскемен ер БИЛ көрерменге «Отырар апатын» ұсынды. Түркістан ер БИЛ «Алаш қозғалысын» сахналап, Түркістан қыз БИЛ «Ядролық қарусыз Қазақстан» қойылымымен өнер көрсетті.

Түркістан ер БИЛ – «Алаш қозғалысы»

Өскемен ер БИЛ – «Отырар апаты»

Қызылорда қыз БИЛ – «Жазықсыз жандардың жылаған даласы – АЛЖИР»

Түркістан қыз БИЛ – «Ядролық қарусыз Қазақстан»

Қойылымдарды кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нартай Сауданбекұлы, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте және QRNews ақпарат агенттігінің бас директоры Нұрбол Төлебаев болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша Түркістан қыз БИЛ оқушысы Алимжанова Чарос «Үздік актриса» аталымын жеңіп алды. Өскемен ер БИЛ өкілі Марат Ахмет пен Ақтау ер БИЛ оқушысы Ерлан Ердос «Үздік актер» деп танылды. QRNews атынан берілген «Көрермен көзайымы» жүлдесі мен 50 мың теңге көлеміндегі сыйақы Ғалихан Асемге табысталды.

Сондай-ақ Өскемен ер БИЛ «Үздік гримдік жұмыс» аталымын жеңсе, «Үздік декорация» Қызылорда қыз БИЛ-ге берілді. «Үздік драматургия» жүлдесі Түркістан ер БИЛ-ге, «Үздік шығармашылық жұмыс» Түркістан қыз БИЛ-ге бұйырды. Ал фестивальдің бас жүлдесі – «Үздік қойылым» атағы Ақтау ер БИЛ командасына берілді.

Фестивальге қатысқан барлық командаға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тарихым – тұғырым» фестивалі жасөспірімдерге ұлттық тарихты терең түсінуге және сахналық өнер арқылы ой айтуға мүмкіндік берген маңызды мәдени жоба болды.

Соңғы жаңалықтар