$ 489.31 € 568.33 ₽ 6.63

Каспий жағалауынан ондаған итбалықтың өлексесі табылды: экологтар тексерісті бастады

Редакция
03 маусым 2026, 12:41
Каспий жағалауынан ондаған итбалықтың өлексесі табылды: экологтар тексерісті бастады Сурет авторы: Evgeny_Polonskiy

Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан Қызыл кітапқа енген итбалықтар мен бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табылды. Оқиғаға байланысты экологтар теңіз суынан сынамалар алып, зертханалық талдау жұмыстарын бастады.

Маңғыстау облыстық экология департаментінің мәліметінше, 1 маусым күні Түпқараған ауданындағы Баутино кенті маңындағы жағалау аумағында 20 итбалықтың және бекіре тұқымдас сегіз балықтың өлексесі анықталған. Олар тұщыландыру зауытынан KCA Deutag мұнай сервистік компаниясының аумағына дейінгі жағалау бөлігінде табылған.

Осыған байланысты 2 маусымда экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласының теңіз жағалауынан су сынамаларын алды. Ведомство өкілдері зертханалық сараптама нәтижелері кейінірек жарияланатынын хабарлады.

Қазіргі уақытта жануарлар мен балықтардың қырылу себептері белгісіз күйінде қалып отыр.

Бұл өңірде итбалықтардың жаппай қырылуы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің дерегінше, биыл 19 мамырда дәл осы Түпқараған ауданында жүргізілген мониторинг барысында жағалаудан қатты ыдыраған күйдегі 35 өлі итбалық табылған. Ал сәуір айының ортасында осы ауданнан шамамен 200 итбалықтың өлексесі анықталған болатын.

Сол кезде алынған су сынамаларының зертханалық талдауы нәтижесінде қауіп-қатер тудыратын заттар табылмаған.

Айта кетейік, 2024 жылы Каспий теңізінің жағалауынан екі мыңға жуық итбалықтың өлексесі табылған еді. Алматыдағы Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы жүргізген зерттеу барысында жануарлардан иммун тапшылығы аясында дамыған нейровирустық инфекция анықталған.

Каспий итбалығы – Каспий теңізін мекендейтін жалғыз теңіз сүтқоректісі әрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек жануар. Ғалымдардың бағалауынша, оның популяциясы 70 мыңнан 300 мыңға дейін жетеді. Мамандар теңіздегі экологиялық ахуалдың нашарлауы, су деңгейінің төмендеуі, ластану және браконьерлік бұл жануарлардың санына елеулі қауіп төндіріп отырғанын айтады.

Соңғы жаңалықтар