$ 510.19 € 582.79 ₽ 6.46

11 қыркүйекте АҚШ-та теракт ұйымдастырды деп айыпталғандар кінәсін мойындау туралы келісімге келді

Редакция
01 тамыз 2024 04:40 2213
11 қыркүйекте АҚШ-та теракт ұйымдастырды деп айыпталғандар кінәсін мойындау туралы келісімге келді Сурет авторы: AFP/ SETH MCALLISTER

11 қыркүйектегі терактілерді ұйымдастырды деп айыпталған Халид шейх Мұхаммед пен оның Гуантанамодағы АҚШ әскери түрмесінде отырған екі сыбайласы кінәсін мойындауға келісті, деп хабарлайды Reuters агенттігі Пентагонға сілтеме жасап.

Пентагон мәлімдемесіне сәйкес, тағы екі тұтқын: Уәлид Мұхаммед Салих Мубарак бин Атташ пен Мұстафа Ахмед Адам әл-Хаусауи кінәсін мойындау туралы келісімге келген.

Мәміленің егжей-тегжейі жарияланбады, бірақ бұл оларға өмір бойына бас бостандығынан айырумен алмастыру арқылы өлім жазасынан құтылуға мүмкіндік беруі ықтимал.

Тергеу нәтижесі бойынша, Халид шейх Мұхаммед шабуылдарды жоспарлаған, сонымен қатар шабуылды қаржыландыруды үйлестірген. Ол 2003 жылы Пәкістанда ұсталып, 2006 жылы Гуантанамо түрмесіне ауыстырылып, қазір басқа айыпталушылармен бірге әлі күнге дейін сол жерде. Мұхаммед әскери трибуналда өз ісіне жауап беруі керек еді, бірақ бұл процесс жылдар бойы кешіктіріліп келді.

11 қыркүйектегі шабуылдар 3 мыңға жуық адамның өмірін қиып, Америка Құрама Штаттарын Ауғанстандағы 20 жылға созылған соғысқа итермеледі.

Соңғы жаңалықтар