$ 511.77 € 593.19 ₽ 6.41

Жемқорлықпен сотталғандарға рақымшылық жасала ма?

Сапарғали Қанат
11 маусым 2025 11:07 160
Мәжілісте Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы қабылданды.
Жемқорлықпен сотталғандарға рақымшылық жасала ма? Сурет авторы: azattyq-ruhy.kz

Бұл бастама азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталғандарға қатысты рақымшылық жасауды көздейді.

Депутат Ермұрат Бапи заң жобасын талқылау барысында жемқорлықпен сотталғандардың жағдайына алаңдаушылық білдірді. Ол жемқорлықтың «аз-көп» деп бөлінбейтінін айтып, олардың рақымшылыққа іліну мүмкіндігін сұрады.

Депутат Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасының төртінші бабында рақымшылыққа ілінбейтін нақты шектеулер көрсетілген. Соның ішінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы барлық қылмыстар рақымшылыққа жатпайды.

— Қазіргі уақытта 624 адам жемқорлық қылмыстары үшін бас бостандығынан айыру орындарында отыр. Олардың ешқайсысына рақымшылық қолданылмайды, — деді ол.

Алдын ала есеп бойынша, рақымшылық нәтижесінде 6 мыңға жуық сотталған мен пробация есебіндегі 9 мың адамға жаза жеңілдетіледі немесе босатылады. Алайда, бұл жеңілдіктер аса ауыр және жемқорлық қылмыстарға қатысы жоқ азаматтарға ғана қолданылады.

Соңғы жаңалықтар