$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

Астананың жаңа әуежайын салатын серіктес белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
24 қыркүйек 2026, 09:56
Астананың жаңа әуежайын салатын серіктес белгілі болды Сурет авторы: astanaairport.kz

Астанада жаңа әуежай салу жобасына сингапурлық Changi Airports International компаниясы қатысады. Астана әкімдігі, Көлік министрлігі және компания елорда әуежайының инфрақұрылымын ұзақ мерзімді дамыту жөніндегі әріптестік туралы келісімге қол қойды.

Келісім екі негізгі бағытты қамтиды. Біріншісі – Астанада жаңа әуежай салу жобасын бірлесіп жүзеге асыру. Екіншісі – қазіргі Астана халықаралық әуежайын дамыту. Сингапурлық компания әуежайды басқаруға және оның күнделікті жұмысына қатысуы мүмкін.

Қазір тараптар әріптестіктің құрылымын, жобаларды жүзеге асыру шарттарын келісіп, қажетті құжаттарды әзірлеп жатыр. Жаңа әуежайдың құрылысы қашан басталатыны, оның нақты орналасатын жері, құны мен жолаушы өткізу мүмкіндігі әзірге жарияланған жоқ.

Бұған дейін, тамыз айында Changi Airport Group Қазақстандағы келіссөздер кезінде жаңа әуежай салуға өз тәжірибесін ұсынуға және Астананы өңірлік әуе қатынасы орталығы ретінде дамытуға дайын екенін мәлімдеген.

Changi Airports International – Сингапурдың Changi Airport Group компаниясының еншілес кәсіпорны. Топ Сингапурдағы Чанги халықаралық әуежайын басқарады және әуежай инфрақұрылымын, жолаушы мен жүк тасымалын, қызмет көрсету мен цифрлық шешімдерді дамытуға маманданған.

Соңғы жаңалықтар