$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

Каспийде әскери оқу-жаттығу қайғылы аяқталды: тоғыз адам қаза тапты

Абдрахманов Мағжан
24 қыркүйек 2026, 14:42
Каспийде әскери оқу-жаттығу қайғылы аяқталды: тоғыз адам қаза тапты Сурет авторы: Қорғаныс министрлігі

Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты. Тағы үш адам құтқарылды, қалғандарын іздеу жалғасып жатыр, деп хабарлады Қазақстанның Қорғаныс министрлігі.

Ведомство мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында болған. Әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан кезде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан оларды теңізге алып кеткен.

«Алдын ала ақпарат бойынша, 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Қазіргі уақытта тоғыз әскери қызметшінің қаза тапқаны анықталды», – делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Үш әскери қызметші құтқарылған. Олардың біреуі ауруханаға жеткізілді. Осы деректерге сүйенсек, тағы жеті әскери қызметші іздестіріліп жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары жіберілген. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігі, авиация және басқа да қызметтер жұмылдырылған.

Бас прокуратура оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.

Соңғы жаңалықтар