$ 448.44 € 514.81 ₽ 5.33

Апелляциялық сот Гүлнар Бажкеноваға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды

Абдрахманов Мағжан
22 қыркүйек 2026, 16:17
Апелляциялық сот Гүлнар Бажкеноваға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды Сурет авторы: Facebook/ Гүлнар Бажкенова

Алматыда апелляциялық сот Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. 22 қыркүйекте сот алқасы Бажкенованың шағымын қарады, деп хабарлады «Азаттық Азия».

Бұған дейін, 18 тамызда Алматының Бостандық аудандық №2 соты Бажкенованы сегіз жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды.

Сот Бажкенованы көрінеу жалған ақпарат тарату, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету және заңсыз кәсіпкерлік бойынша кінәлі деп таныды. Бажкенова өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамаған.

Сондай-ақ бірінші сатыдағы сот оған бес жыл бойы үкімде көрсетілген журналистік, қоғамдық және басшылық қызметпен айналысуға тыйым салған.

Бажкеноваға қатысты негізгі сот талқылауы 2 шілдеде басталған еді. Істе көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты сегіз жарияланым, сондай-ақ OrdaMedia.kz қаржысына және жылжымайтын мүлікке байланысты айыптар қаралды. Бажкенова мен оның қорғау тарапы айыптаулармен келіспеді.

Соңғы жаңалықтар