$ 448.44 € 514.81 ₽ 5.33

АҚШ Иранмен қақтығыс біткен соң Таяу Шығысты қалпына келтіруге 5 млрд доллар бөлуі мүмкін

Абдрахманов Мағжан
22 қыркүйек 2026, 10:13
АҚШ Иранмен қақтығыс біткен соң Таяу Шығысты қалпына келтіруге 5 млрд доллар бөлуі мүмкін Сурет авторы: Kevin Carter/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Иранмен соғыс кезінде бүлінген Таяу Шығыстағы энергетикалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге 5 млрд доллар бөлуді ұсынды. Жоба әзірге талқыланып жатыр, оның шарттары өзгеруі мүмкін, деп жазды The Wall Street Journal.

Бастама Partnership for Allied Trust and Construction (PACT) деп аталады. Жоспар бойынша жалпы көлемі 10 млрд доллар болатын қор құрылады. Оның 5 млрд долларын АҚШ салса, қалған 5 млрд долларды Таяу Шығыстағы сегіз мемлекет бірлесіп бөлуі тиіс.

Олардың қатарында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Оман, Ирак және Иордания бар. Қорды АҚШ-тың Халықаралық даму қаржы корпорациясы басқаруы жоспарланып отыр. Алайда аталған елдердің барлығы жобаға қосылатыны әзірге белгісіз.

Қаражат Иранмен соғыс кезінде зақымданған құбырларды, мұнай өңдеу кәсіпорындары мен газ экспорттайтын нысандарды қалпына келтіруге бағытталмақ. Сонымен бірге жоба Парсы шығанағы елдерінің мұнай мен газ тасымалдауда Ормуз бұғазына тәуелділігін азайтуды көздейді.

The Wall Street Journal мәліметінше, жеті айға созылған қақтығыс аймақтағы энергетикалық инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірген. Нысандарды қалпына келтіру құны ондаған миллиард долларға бағаланып отыр. Соғыс әлемдік энергетика нарығына да әсер етіп, мұнай тасымалдау құнын өсірді.

Соңғы жаңалықтар