$ 448.44 € 514.81 ₽ 5.33

Ермұрат Бапи, Бағдат Мусин, Рауан Кенжеханұлы: Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекітті

Абдрахманов Мағжан
22 қыркүйек 2026, 12:38
Ермұрат Бапи, Бағдат Мусин, Рауан Кенжеханұлы: Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекітті Сурет авторы: Qrnews коллажы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Кеңес құрамына 126 адам енді. Жарлық Ақорданың ресми сайтында жарияланды.

Тізімге қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, ғалымдар, журналистер, спорт және мәдениет өкілдері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірген. Жарлыққа қоса берілген тізімде барлығы 126 адам көрсетілген.

Олардың арасында қоғам қайраткері Ермұрат Бапи, «Қазақстанның Медиа Альянсы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұртөре Жүсіп, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы бар.

Сондай-ақ тізімге «Қазақтелеком» басқарма төрағасы Бағдат Мусин, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Қазақстан ұлттық гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова енген.

Конституциялық заң бойынша Халық Кеңесінің 126 орны үш топқа тең бөлінеді: этномәдени бірлестіктерден – 42 адам, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан – 42 адам, өңірлердің мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінен – 42 адам. Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі, заңда өзгеше көзделмесе, төрт жыл.

Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Ол ішкі саясаттың негізгі бағыттары, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайту мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.

Толық тізімді мына сілтемеге өтіп көре аласыз.

Соңғы жаңалықтар