$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

Тоғыз әскери қызметшінің қазасы: Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстауға барады

Абдрахманов Мағжан
24 қыркүйек 2026, 15:25
Тоғыз әскери қызметшінің қазасы: Бозымбаев бастаған комиссия Маңғыстауға барады Сурет авторы: Үкімет

Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтайтын үкіметтік комиссия құрылды. Тиісті өкімге Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Оның құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді.

Бектенов Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ комиссия қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдауы керек.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейгенін хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Тоғыз адам қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жалғасып жатыр.

Бас прокуратура әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Соңғы жаңалықтар