$ 447.85 € 513.46 ₽ 5.31

Қазақстанда 56 мұнай-газ учаскесі аукционға шығарылды

Абдрахманов Мағжан
23 қыркүйек 2026, 10:17
Қазақстанда 56 мұнай-газ учаскесі аукционға шығарылды Сурет авторы: Azattyq Ryhy коллажы

Қазақстанның Энергетика министрлігі көмірсутектерді барлау және өндіруге арналған 56 жер қойнауы учаскесін электронды аукционға шығарды. Сауда 25 желтоқсанда e-Qazyna алаңында өтеді, ал өтінімдер 18 қарашаға дейін қабылданады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Учаскелер Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай және Қызылорда облыстарында орналасқан. Кейбір учаскеге барлау және өндіру құқығы бірге берілсе, енді бірінде тек өндіруге рұқсат беріледі.

Аукционға шығарылғандардың қатарында Бегімбет-1, Батыс Ұлытау, Шолақсай, Басқұмақ, Қарасу, Жасқайрат, Үстірт учаскелері, Қосарал, Майлыкөл, Қарақамыс және Қаракөл бар.

Аукцион жеңімпаздары учаскелерді зерттеуге инвестиция салуға міндетті. Келісімшарт жасалғаннан кейін бір жыл ішінде барлау жұмыстарының жобасын дайындауы қажет. Үш жыл ішінде учаскенің талаптарына сәйкес екі өлшемді сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізіп, ал төрт жыл ішінде келісімшартта көзделсе, кемінде бір ұңғыма бұрғылауы тиіс.

Компанияларға қазақстандық мамандарды даярлау мен ел аумағындағы ғылыми зерттеулерге қаржы бөлу талабы да қойылады. Ол үшін алдыңғы жылы өндіруге жұмсалған шығынның 1 пайызы бағытталуға тиіс. Келісімшарт бойынша инвестицияның тағы 1 пайызы тиісті өңірді және оның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.

Сатып алынатын тауарлардағы қазақстандық өнімнің үлесі кемінде 30 пайыз болуы керек. Ал жұмыстар мен қызметтердегі отандық үлес кемінде 70 пайыз болып белгіленген.

Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамтуға да талап қойылады. Басшылар мен олардың орынбасарларының кемінде 80 пайызы, құрылымдық бөлімше басшыларының 90 пайызы Қазақстан азаматтары болуы қажет. Мамандар мен білікті жұмысшылар толығымен қазақстандықтардан жасақталуға тиіс.

Егер учаскедегі бастапқы геологиялық қор 100 миллион тоннадан астам мұнайды немесе 50 миллиард текше метрден астам газды құраса, инвесторға қосымша міндеттеме жүктеледі. Компания өңдеу өндірісін салуы немесе жаңғыртуы, өндірілген шикізатты Қазақстан аумағында өңдеуге жіберуі немесе басқа инвестициялық не әлеуметтік-экономикалық жобаны жүзеге асыруы керек.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, желтоқсандағы аукционға қойылған 56 учаскені қоса есептегенде, 2026 жылы Қазақстанда барлығы 112 жер қойнауы учаскесі саудаға ұсынылған.

Соңғы жаңалықтар