$ 448.44 € 514.81 ₽ 5.33

Кітап оқу адамға не береді: журналист Ержан Жаубай жеті пайдасын атады

Редакция
22 қыркүйек 2026, 15:19
Кітап оқу адамға не береді: журналист Ержан Жаубай жеті пайдасын атады Сурет авторы: Pixabay

Журналист Ержан Жаубай кітап оқудың адамға беретін пайдасы мен кітап оқымаудың ықтимал салдары туралы пікір білдірді. Ол Facebook-тегі жазбасында кітап оқу сөздік қорды молайтып, ойлау қабілеті мен зейінді дамытуға көмектесетінін жазды.

Журналист бұл тақырыпты Мемлекет басшысы жариялаған «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасымен байланыстыра қозғаған. Оның пікірінше, көп оқу адамның жаңа сөздер мен тілдік құрылымдарды табиғи меңгеруіне, ойын нақты әрі сауатты жеткізуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ ол ғылыми, тарихи, философиялық және көркем әдебиет себеп пен салдарды түсінуге, салыстыруға және талдауға үйрететінін атап өтті. Ұзақ мәтін оқу адамның зейіні мен шыдамдылығын жаттықтырса, көркем әдебиет қиял мен шығармашылықтың дамуына ықпал етеді.

Ержан Жаубай кітаптың өзге адамдардың сезімін, өмірлік жағдайы мен көзқарасын түсінуге мүмкіндік беретінін де жазды. Бұған қоса кітап белгілі бір тақырыпты әлеуметтік желідегі қысқа ақпаратқа қарағанда жүйелі түсінуге және әртүрлі автордың пікірін салыстыру арқылы ақпаратты сыни қабылдауға көмектесуі мүмкін.

Алайда журналист кітап оқымауды өздігінен зиян деп есептеу дұрыс емес екенін ескертті. Оның сөзінше, адам кітапсыз да ғылыми мақалалар, дәрістер мен сапалы курстар арқылы білімін толықтыра алады.

«Кітаптың өзі емес, адамның қандай ақпаратты және қалай тұтынатыны маңызды. Мысалы, күніне бірнеше сағат сапасыз контент көріп, ештеңені терең зерттемейтін адам кітапты қолына алғанымен көп пайда таппауы мүмкін», – деп жазды ол.

Журналистің пікірінше, мәселе кітаптың санында емес, адамның терең әрі сапалы ақпаратпен жұмыс істеу дағдысында. Кітаптың басты артықшылығы да дайын ақпарат алумен шектелмей, ұзақ ойлануға, елестетуге, салыстыруға және белгілі бір мәселені терең түсінуге мүмкіндік беруінде.

«Қандай кітап оқығыңыз келсе де, талғаммен оқуды үйреніңіз. Себебі талғаммен оқыған кітап сізге әуелі пайда әкелсе, екінші стрестен құтқарады», – деп түйіндеді Ержан Жаубай.

Соңғы жаңалықтар