$ 448.44 € 514.81 ₽ 5.33

Диктант, шығарма, бақылау жұмысы: бастауыш сынып оқушылары қалай бағаланады

Наурызбек Лесов
22 қыркүйек 2026, 11:11
Диктант, шығарма, бақылау жұмысы: бастауыш сынып оқушылары қалай бағаланады Сурет авторы: ашық дереккөзден

Қазақстан мектептерінде 23–30 қыркүйек аралығында 2–4-сынып оқушылары үшін биылғы алғашқы аралық бағалау өтеді. Балалар қазақ немесе орыс тілі, әдебиеттік оқу және математика пәндері бойынша тапсырмалар орындайды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

2026–2027 оқу жылында 2–4-сыныптарда формативтік және аралық бағалау қатар жүргізіледі. Аралық бағалау оқу бағдарламасының аяқталған бөлімдері бойынша өткізіліп, тапсырмалар пәнге қарай ерекшеленеді.

Қазақ немесе орыс тілінен оқушылар диктант жазып, оқу сауаттылығына арналған тапсырмаларды орындайды. Мұнда мәтінді сауатты жазу және оның мазмұнын түсіну деңгейі бағаланады.

Әдебиеттік оқудан шығарма немесе мазмұндама жазылады. Сонымен бірге оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар беріледі. Мұғалімдер баланың мәтінді түсінуіне, негізгі ойды анықтай алуына және өз ойын жүйелі жеткізуіне назар аударады.

Математикадан бақылау жұмысы өтеді. Оқушының есептеу дағдысымен қатар есептің шартын түсінуі, дұрыс шешу жолын таңдауы және жауабын негіздей алуы бағаланады.

Бір аралық бағалау жұмысына 40 минут беріледі. Ең жоғары нәтиже 2-сынып оқушылары үшін 12 балл, 3-сыныпта 14 балл, ал 4-сыныпта 16 балл болады.

Формативтік бағалау тоқсан бойы жүргізіледі. Мұғалім әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалауы керек. Сонымен бірге тоқсанға жоспарланған оқу мақсаттарының кемінде жартысы қамтылуға тиіс. Нәтижелер 1-ден 10-ға дейінгі балдық шәкілмен бағаланады.

Министрлік оқушының жазу мәнеріне қатысты талапты да түсіндірді. Егер көркем жазу арнайы бағалау мақсаты болмаса, баланың жазу ерекшелігі балын төмендетуге негіз бола алмайды.

Ал 1-сынып оқушыларына балдық баға қойылмайды.

Оқу-ағарту министрлігінің түсіндіруінше, бағалаудың мақсаты тек баға қою емес. Ол баланың оқу материалын қаншалықты меңгергенін анықтап, ілгерілеуін бақылауға және әрі қарай дамуына бағыт беруге тиіс.

Соңғы жаңалықтар