$ 448.44 € 514.81 ₽ 5.33

Жылуды қашан қосады: Қай өңірлерге ерте берілетіні белгілі болды

Абдрахманов Мағжан
22 қыркүйек 2026, 10:36
Жылуды қашан қосады: Қай өңірлерге ерте берілетіні белгілі болды Сурет авторы: Freepik

Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жылыту маусымын ауа райына қарай 1 қазанға дейін бастау жоспарланып отыр. Павлодар облысында жылу беру 14 қыркүйекте басталған. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде», – деді министр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылу электр орталықтары мен өзге де энергия көздерінде қысқа қажетті отын қоры жасақталған. Қазір қорда 4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут бар. Сондай-ақ негізгі жабдықтарды жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізілген.

Ел бойынша төрт энергия блогында, 30 қазандықта және 19 турбинада жөндеу аяқталды. Жоспарланған 17 мың шақырым электр желісі толық жөнделген. Ал жаңартылуы тиіс 377 шақырым жылу желісінің 366 шақырымында жұмыс аяқталып, жалпы дайындық деңгейі 97 пайызға жетті.

Үкімет Ұлытау және Абай облыстарындағы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облыстарындағы жылумен қамту нысандарын ерекше бақылауға алған.

Сәтбаевта жылу магистралін жаңғырту толық аяқталды. Қазір желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүріп жатыр. Петропавлдағы жылу магистральдарының дайындығы 95 пайызға жеткен. Қалған жұмысты осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Степногорскіде жылу желілерінің дайындығы әзірге 76 пайыз. Жұмысты 25 қыркүйекке дейін аяқтау көзделген.

Семейдегі жағдай да бақылауда. Қаладағы үш жоба бойынша жұмыс 70 пайызға орындалған. Жылу жүйесіне қажетті сутартқыш құрылғылар мен жылу алмастырғыштар 26 қыркүйекте ғана жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар