$ 447.85 € 513.46 ₽ 5.31

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды

Абдрахманов Мағжан
23 қыркүйек 2026, 15:11
Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды Сурет авторы: Мәжілістің баспасөз қызметі/ Ж.Жұмабеков

Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Мұндай шешімді Кеңес мүшелері 23 қыркүйекте Астанада өтіп жатқан бірінші сессияда жасырын дауыс беру нәтижесінде қабылдады.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында Ерлан Қошановтың кандидатурасын осы органның төрағасы лауазымына ұсынған еді.

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Кеңес төрағасы төрт жыл мерзімге сайланады. Төрағаны Кеңес мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайлау қарастырылған.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 126 адам кірген. Олардың 42-сі этномәдени бірлестіктердің, 42-сі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардың, тағы 42-сі өңірлердегі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері. Кеңес мүшелері төрт жыл бойы қоғамдық негізде жұмыс істейді.

Қазақстан Халық Кеңесі – халықтың мүддесін білдіретін жоғары конституциялық кеңесші орган. Кеңес Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізуге бастамашылық жасауға құқылы.

Соңғы жаңалықтар