$ 447.85 € 513.46 ₽ 5.31

Тоқаев Конституциялық Соттың он судьясын тағайындады

Абдрахманов Мағжан
23 қыркүйек 2026, 10:45
Тоқаев Конституциялық Соттың он судьясын тағайындады Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлықтарымен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының он судьясы тағайындалды. Олардың қатарында Сәкен Абдолла, Лейла Жақаева, Қайрат Жақыпбаев және басқа да заңгерлер бар.

Конституциялық Соттың судьялары болып Сәкен Абдолла, Лейла Сұлтанқызы Жақаева, Қайрат Төлегенұлы Жақыпбаев, Айжан Ержанқызы Жатқанбаева, Айгүл Қуанышбайқызы Қыдырбаева, Қанат Сергейұлы Мусин, Бақыт Маратұлы Нұрмұханов, Сергей Васильевич Скрябин, Аслан Султанович Тукиев және Сергей Федорович Ударцев тағайындалды.

Бұл тағайындаулар жаңа Конституцияға сәйкес Конституциялық Сот құрамын жасақтау аясында жүзеге асырылып отыр. Конституциялық Сот Төраға мен он судьядан тұрады. Судьялардың өкілеттік мерзімі – сегіз жыл. Бір адам Конституциялық Соттың судьясы болып бір реттен артық тағайындала алмайды.

Жаңа Конституция бойынша Конституциялық Соттың он судьясын Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен берілген келісімімен Президент тағайындайды. Жаңа құрам бірінші шақырылған Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылғаннан кейін екі ай ішінде жасақталуға тиіс.

Конституциялық Сот ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін және конституциялық бақылауды жүзеге асыратын тәуелсіз мемлекеттік орган саналады.

Соңғы жаңалықтар