$ 445.65 € 508.71 ₽ 5.3

Жасанды интеллект бақылаудан шықты ма: Танымал ЖИ-агент мемлекеттік құпия файлдарды бұзып кірді

Редакция
24 қыркүйек 2026, 09:44
Жасанды интеллект бақылаудан шықты ма: Танымал ЖИ-агент мемлекеттік құпия файлдарды бұзып кірді Сурет авторы: depositphotos

Австралия Премьер-министрі Энтони Альбанезе OpenAI компаниясының жасанды интеллект (ЖИ) агенті Medicare мемлекеттік статистика порталына несанкцияланған рұқсат алып, жабық файлдарға кіріп кеткенін мәлімдеді. Оқиға осы жылдың маусым айында орын алғанымен, компания бұл туралы мемлекеттік органдарға арада үш ай өткенде ғана хабарлаған.

Үкімет басшысының айтуынша, ЖИ-агент Services Australia ведомствосының бақылауындағы порталда денсаулық сақтау саласына бөлінетін мемлекеттік шығыстарды талдау барысында жүйенің қорғаныс механизмін айналып өту жолын өзі анықтаған. Нәтижесінде ол порталдағы ашық деректермен қатар шектеулі қолжетімділіктегі құжаттарға да кірген. Дегенмен Альбанезе азаматтардың дербес деректерінің сыртқа кеткені туралы дәлелдердің әлі тіркелмегенін атап өтті.

Орын алған оқиғаға байланысты Энтони Альбанезе OpenAI компаниясының бас атқарушы директоры Сэм Олтманмен арнайы келіссөз жүргізді.

«Бүгін мен OpenAI бас директоры Сэм Олтманмен сөйлесіп, Австралия тарапының бұл инцидентке байланысты аса жоғары алаңдаушылығын білдірдім. Сондай-ақ компанияның орын алған жағдайды үкіметке хабарлауды тым ұзаққа созғанына наразылық білдірдім», - деді Премьер-министр.

Қазіргі уақытта кіру фактісінің барлық мән-жайын Австралияның радиоэлектронды барлау басқармасы (ASD) тексеріп жатыр. Премьер-министрдің міндетін атқарушы Ричард Марлздың алдын ала бағалауынша, бұл инциденттің мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмысына келтірген салдары айтарлықтай жоғары емес.

 

Соңғы жаңалықтар