$ 455.63 € 507.89 ₽ 5.65

Тоқаев: Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді

Абдрахманов Мағжан
28 қазан 2026, 11:19
Тоқаев: Ұлттық қордан 6,5 трлн теңге бөлінеді Сурет авторы: Ақорда

Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Мемлекет басшысы Үкіметке бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлеуді тапсырды. Оның аясында бүкіл ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынады.

«Енді осы қуатты әлеуетімізді инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттауымыз қажет. Сондықтан мен бұған дейін айтқан ауқымды құрылыс бастамасын белсенді түрде жүзеге асыруды тапсырамын», – деді Президент.

Тоқаев биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 трлн теңге көлемінде қаражат қарастыру қажет екенін де айтты.

Президенттің сөзінше, Ұлттық қордың басты міндеті – ел байлығын сақтап, көбейту және оны қазіргі әрі келешек ұрпақтың игілігіне пайдалану.

«Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымға жұмсауды ел болашағына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция деп атады. Оның айтуынша, бұл қаражат адам капиталын дамытуға және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталмақ.

Соңғы жаңалықтар