$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

Соғысқа қарамастан: жарты жылда 122 мың қазақстандық Ресейге жұмыс істеуге барған

Абдрахманов Мағжан
27 қазан 2026, 14:38
Соғысқа қарамастан: жарты жылда 122 мың қазақстандық Ресейге жұмыс істеуге барған Сурет авторы: Ақорда

Биылғы алғашқы жартыжылдықта 122 654 Қазақстан азаматы Ресейге кірген кезде сапар мақсатын «жұмыс» деп көрсеткен. Бұл туралы ТАСС өзі танысқан деректерге сүйеніп хабарлады.

Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Ресейге жұмыс істеу үшін барған шетел азаматтарының саны жағынан төртінші орында тұр.

Бірінші орында Өзбекстан азаматтары – алты айда 1 178 609 адам Ресейге жұмыс істеу мақсатымен кірген. Одан кейін Тәжікстан – 494 518 және Қырғызстан – 289 061 адам.

Қазақстаннан кейін Қытай тұр. Бұл елдің 89 656 азаматы Ресейге жұмыс істеу үшін барған. Ал алғашқы ондыққа Армения – 88 629, Әзербайжан – 62 440, Үндістан – 27 419, Түрікменстан – 13 428 және Түркия – 8 360 адаммен кірді.

Қазақстан азаматтарына Ресейде еңбек ету үшін жұмысқа арнайы рұқсат немесе патент алудың қажеті жоқ. Мұндай тәртіп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қырғызстан мен Армения азаматтарына да қолданылады.

Ал Өзбекстан, Тәжікстан және Әзербайжан азаматтары Ресейде жұмыс істеу үшін тиісті патент алуы керек. Қытай, Үндістан, Түрікменстан және Түркия азаматтарына жұмыс визасы мен жұмыс істеуге рұқсат қажет.

Айта кетейік, 122 654 деген көрсеткіш Қазақстаннан Ресейге тұрақты тұруға көшкендердің санын білдірмейді. Бұл – Ресейге кірген кезде сапар мақсаты ретінде жұмыс істеуді көрсеткен Қазақстан азаматтарының саны.

Соңғы жаңалықтар