$ 455.63 € 507.89 ₽ 5.65

Тоқаев: «Балқаш» АЭС құрылысын келесі жылы бастау қажет

Абдрахманов Мағжан
28 қазан 2026, 11:55
Тоқаев: «Балқаш» АЭС құрылысын келесі жылы бастау қажет Сурет авторы: gov.kz

Қазақстанда «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы 2027 жылы басталуы мүмкін. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Мемлекет басшысы келесі жылы «Балқаш» АЭС құрылысын бастау мүмкін әрі қажет болуы ықтимал екенін айтты. Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС құрылысын тезірек қолға алу үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды.

«Әрине, келіссөз кезіндегі барлық ұстаным Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият пысықталып, келісілуге тиіс», – деді Президент.

Тоқаев атом энергетикасының Қазақстан үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша бірден бірнеше атом электр станциясын салу жөнінде дұрыс шешім қабылданды.

Президент болашақ АЭС-терді ондаған жылдан кейін де уранмен қамтамасыз ету мәселесін қазірден ойластыру қажет екенін айтты. Осыған байланысты ол уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру туралы ұсынысты мұқият қарастыру қажет деп санайды.

Мемлекет басшысының сөзінше, мұндай қор Қазақстандағы атом электр станцияларының алдағы 100 жылдағы қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.

Тоқаев АЭС құрылысына қатысатын шетелдік серіктестерді Қазақстанда жоғары технологиялық өндіріс ашуға, ядролық энергетика саласындағы тәжірибе мен білімді беруге және отандық атом мамандарын даярлауға тарту қажет екенін де айтты. Президент мұндай ұсыныстар Ресей және Қытай компанияларынан түсіп жатқанын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар