$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

Магистратура мен докторантураға түсу: 28 қазанда өтініш қабылдау басталады

Абдрахманов Мағжан
27 қазан 2026, 16:54
Магистратура мен докторантураға түсу: 28 қазанда өтініш қабылдау басталады Сурет авторы: Ғылым және жоғары білім министрлігі

28 қазанда Қазақстанда магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге және докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау басталады. Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы 10 қарашаға дейін қабылданады.

Магистратураға түсушілер өтініш берген кезде тест тапсыратын қаланы өздері таңдай алады. Сондай-ақ 10 қарашаға дейін білім беру бағдарламаларының тобын, тестілеу тілін және қаланы өзгертуге мүмкіндік бар. Өтініш қабылдау аяқталғаннан кейін білім беру бағдарламаларының тобы мен тест тапсыратын қаланы өзгертуге болмайды. Тестілеу өтетін күн туралы ақпарат 13 қарашада талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.

Кешенді тестілеу қараша-желтоқсан айларында өтеді. Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсушілер шет тілі, оқуға дайындығын анықтау және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша үш бөлімнен тұратын тест тапсырады. Оған 3 сағат 55 минут беріледі.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл жинау қажет. Оның ішінде шет тілінен кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтайтын бөлімнен кемінде 7 балл, ал бірінші және екінші бейінді пәндердің әрқайсысынан кемінде 7 балл алу керек.

Бейінді магистратураға түсушілер білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша ғана тест тапсырады. Мұнда шекті көрсеткіш – 30 балл. Бірінші және екінші бейінді пәннің әрқайсысынан кемінде 7 балл жинау қажет.

Шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары бойынша бейінді магистратураға түсушілердің құжаттарын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары 28 қазаннан 10 қарашаға дейін қабылдайды.

Докторантураға түсу емтиханына өтініш қабылдау да 10 қарашаға дейін жалғасады. Үміткерлер өтініш бермес бұрын жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының қабылдау комиссиясына қажетті құжаттарын өткізуге тиіс.

Докторантураға түсу үшін мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты және шет тілін меңгергенін растайтын сертификат қажет. TOEFL ITP сертификатын ұсынғандар түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тест тапсырады.

Докторантураға түсу емтиханы желтоқсанда өтеді. Үміткерлер 10 қарашаға дейін өтінішін өзгерте немесе өшіре алады. Қосымша тестілеудің орны, күні мен уақыты 13 қарашада, ал түсу емтиханы туралы ақпарат 26 қарашада жеке кабинетте жарияланады.

PhD бағдарламасына түсу емтиханы әңгімелесу, эссе жазу және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтиханнан тұрады. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша PhD бағдарламасына қатысу үшін кемінде 75 балл жинау қажет.

Ал бейіні бойынша докторлар бағдарламасына, оның ішінде индустриялық PhD бағдарламаларына түсушілер әңгімелесуден өтіп, білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тапсырады. Бұл бағдарламалар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына қатысу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

Соңғы жаңалықтар