$ 455.63 € 507.89 ₽ 5.65

Тоқаев бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды

Абдрахманов Мағжан
28 қазан 2026, 12:28
Тоқаев бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий қайта енгізілуі мүмкін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Құрылтай депутаттары мен Үкіметке осы мәселені талқылауды ұсынды.

Мемлекет басшысы шешім қабылдағанда 2020-2023 жылдары шағын және микробизнесті тексеруге енгізілген мораторийдің оң және теріс тұстарын ескеру қажет екенін айтты.

Президенттің сөзінше, қазір мемлекеттік бақылау біршама жеңіл болғанымен, айыппұл, жоспардан тыс тексеру және банк шоттарын бұғаттайтын камералдық бақылау кәсіпорындардың жұмысына әлі де ықпал етіп отыр.

Тоқаев биылғы алғашқы жартыжылдықта жеке кәсіпкерлер тарапынан болған заң бұзушылықтар саны 34 пайызға азайғанын, алайда салынған айыппұл көлемі шамамен 11 пайызға өскенін айтты. Ал жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.

«Бизнестің белсенділігін талдау кәсіпкерлерге жай ғана кедергі жасамау жеткілікті екенін көрсетеді», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, жаңа мораторий бақылау жүйесін қайта қарап, реттеудің цифрлық үлгісіне көшу үшін берілетін стратегиялық үзіліс болуы мүмкін.

Сонымен қатар Президент экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыс санатынан шығару шараларын қабылдау қажеттігін айтты. Ол шағын және орта бизнеске тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жағдай жасау керегін атап өтті.

«Бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ, артық болмас», – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар