$ 455.63 € 507.89 ₽ 5.65

Тоқаев: Тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе шешілген жоқ

Абдрахманов Мағжан
28 қазан 2026, 11:28
Тоқаев: Тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе шешілген жоқ Сурет авторы: Ақорда

Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толық шешілген жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

«Ашығын айтсақ, бүгінде тәуелсіздігіміз бен егемендігімізді қорғауға қатысты барлық мәселе әлі толықтай шешімін тапқан жоқ. Бұл – алдымызда көптеген өзекті міндет тұр деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл міндеттерді орындау үшін қоғамдағы бірлік пен келісімнің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қоғам тату болмаса, реформаларды жүзеге асырып, елдің алға жылжуы қиын.

Тоқаев қазіргі әлемдегі жағдайдың күрделене түскенін де атап өтті. Ол мемлекеттер арасындағы текетірес күшейіп, ықпалды елдер арасында өзара сенім дағдарысы пайда болғанын айтты.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделі үлкен тоқырауға ұшырады. Халықаралық құқықтың құндылығы төмендеп кетті. Қысқасы, қазіргі әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басты», – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, осындай жағдайда Қазақстан ел егемендігін одан әрі нығайтып, ішкі тұрақтылықты сақтай отырып дамуға тиіс.

«Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек», – деді Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар