$ 451.05 € 504.95 ₽ 5.6

Неге қазақстандық әйелдер бала тууды кейінге шегеріп жатыр – сауалнама

Редакция
27 қазан 2026, 12:00
Неге қазақстандық әйелдер бала тууды кейінге шегеріп жатыр – сауалнама Сурет авторы: depositphotos.com

Қазақстанда әйелдердің ана болуды кейінге ысыруы мен контрацепция құралдарынан бас тартуының басты себептері анықталды. «Aiel Health» әлеуметтік жобасы аясында жүргізілген анонимді сауалнамаға 111 қазақстандық қыз қатысып, отбасын жоспарлау, карьера және денсаулық мәселелері туралы шынайы ойларын бөлісті.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қатысқан әйелдердің 42,3%-ы бала тууды саналы түрде кейінге қалдырған. Мұның басты себептері ретінде қаржылық тұрақсыздық (18,8%), мансаптық жоспарлар (17,2%), тұрақты қарым-қатынастың болмауы (15,6%), денсаулық жағдайы (14,1%) және ана болуға әлі дайын еместігі (14,1%) аталды. Сонымен қатар респонденттердің 47,7%-ы жүктілік пен бала күтіміне байланысты мансап жолын өзгертуге мәжбүр болғанын, ал 35,1%-ы декреттeн кейін жұмысқа қайта оралу кезінде қиындықтарға тап болғанын жасырмады.

Әйелдердің контрацепцияға қатысты көзқарасы да қызықты деректерді ашты. Сауалнамаға қатысқандардың тек 14,4%-ы ғана біріктірілген оральді контрацептивтерді (КОК) қолданатынын жеткізді. Ішілетін контрацепциялық таблеткалардан бас тартудың негізгі себептері ретінде ағзадағы гормон мөлшерінің артып кетуінен қорқу (21,6%), қабылдау кестесін тұрақты сақтаудағы қиындықтар (16,2%) және бұрынғы жағымсыз тәжірибе мен жанама әсерлер (15,3%) атап өтілді.

Сондай-ақ сауалнама қазақстандық қыздардың жартысынан көбі (54,1%) гинекологқа жылына кемінде бір рет профилактикалық мақсатта баратынын, ал 21,6%-ы тек шағым түскен кезде ғана дәрігерге жүгінетінін көрсетті. Мамандардың пікірінше, сапалы репродуктивті білім мен сауатты жоспарлау әйелдерге өз денсаулығы мен болашағын сенімді түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар