ШҚО әкімі мен «Қазақ газеттері» басшысы ақпарат саласындағы әріптестікті талқылады

Редакция
06 қараша 2026, 17:27
ШҚО әкімі мен «Қазақ газеттері» басшысы ақпарат саласындағы әріптестікті талқылады Сурет авторы: ШҚО әкімдігі

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Ержан Байтілеспен кездесті. Тараптар дәстүрлі баспасөздің қазіргі жағдайы, журналистиканың қоғамдағы рөлі және ақпарат саласындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесуде облыс әкімі республикалық басылымдармен байланысты нығайтудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениеті мен қоғамдық өміріндегі өзгерістер туралы жұртшылыққа жан-жақты ақпарат беру қажет.

«Қоғам өзгерген сайын ақпарат тарату тәсілдері де жаңарып келеді. Дегенмен, қандай технология дамыса да, журналистиканың басты міндеті өзгермеуі керек. Ол – шынайы ақпарат тарату, елдің тыныс-тіршілігін көрсету, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Аймақ басшысы газет-журналдардың ұлттық құндылықтарды, ана тілін және рухани мұраны сақтаудағы орнына да тоқталды. Ол дәстүрлі баспасөздің беделін сақтау мен сапасын арттыруды ортақ міндет деп атады.

Өз кезегінде Ержан Байтілес «Қазақ газеттері» құрамындағы басылымдардың қазіргі жұмысы мен алдағы жоспарларын таныстырып, өңірлермен ақпараттық әріптестікті кеңейту мәселелерін көтерді.

«Қазақ газеттері» серіктестігіне «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Уйғур авази», «Ұлан», «Ақ желкен», «Балдырған» және «Дружные ребята» басылымдары кіреді.

Соңғы жаңалықтар