Ресейден мыңнан астам жүк көлігін өткізгені үшін 100 млн теңге пара алған: бұрынғы шенеунік 10 жылға сотталды

Абдрахманов Мағжан
06 қараша 2026, 10:03
Ресейден мыңнан астам жүк көлігін өткізгені үшін 100 млн теңге пара алған: бұрынғы шенеунік 10 жылға сотталды Сурет авторы: ЖИ иллюстарциясы

Астанада Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірін басқарған бұрынғы шенеунік 100 миллион теңге пара алғаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол Ресейден Қазақстанға 1003 жүк көлігін кедергісіз өткізуге көмектескен, деп хабарлады Астана қалалық соттарының баспасөз қызметі.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы қыркүйек-қазан айларында басқарма басшысының міндетін атқарған азамат Ресей азаматына Батыс Қазақстан облысындағы шекара бекеттері арқылы жүк көліктерін кедергісіз өткізуге көмектесуге келіскен. Осы қызметі үшін оған 100 миллион теңге берілген.

Бұдан бөлек, шенеунік пара берген азаматқа оның компаниялары мен жеке кәсіпкерлерінің тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілгені туралы мәліметтерді жеткізіп отырған. Сондай-ақ белгіленген шектеулерді айналып өту жолдарын көрсеткен.

Параны жеткізген делдал да сотталды

Іс бойынша тағы бір азамат пара беруге делдал болған. Ол бұл қызметі үшін 24,8 миллион теңге алған.

Мемлекеттік айыптаушы бұрынғы шенеунікті 12 жылға, ал делдалды бір жыл алты айға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сот бұрынғы шенеунікті Қылмыстық кодекстің 366-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал делдал 368-баптың 1-бөлігі бойынша бір жыл алты айға сотталды.

Сот жаза тағайындау кезінде екі айыпталушының да жас балалары барын жеңілдететін мән-жай деп есептеген. Ал бұрынғы шенеуніктің қызметтік антын бұзуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылған.

Екі сотталушының да мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақшаны мемлекет кірісіне өткізу және заңсыз алынған қаражатты өндіріп алу туралы шешім қабылданды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар