Қазақстанда ақылы жолдардың төлем тәртібі өзгеруі мүмкін: кімдерге қатысты?

Абдрахманов Мағжан
06 қараша 2026, 11:46
Қазақстанда ақылы жолдардың төлем тәртібі өзгеруі мүмкін: кімдерге қатысты? Сурет авторы: BAQ.kz

Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүруіне ақы төлеу тәртібін өзгерту ұсынылды. Жаңа талаптар отандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты болуы мүмкін. Ал азаматтардың жеке жеңіл көліктері үшін қолданыстағы шарттарды өзгерту көзделмеген, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында қаралды.

Жиында ақылы жолдардағы төлем мөлшерін көрші мемлекеттердің деңгейімен салыстыру ұсынылды. Сондай-ақ қазақстандық тасымалдаушылар үшін бөлек шарттар қарастыру және шетелдік жүк көліктерін шекарадан өткен кезде сақтандыру тетігін әзірлеу мәселесі көтерілді.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілі Фархад Нұрқамалов жүк тасымалдайтын кәсіпорындарға жылдық жол жүру рұқсатын енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, жол ақысын есептегенде көліктің техникалық сипаттамаларын ескеру мүмкіндігі талқыланды.

Жүк көліктерінің ақылы жолдармен қозғалысын бақылау үшін цифрлық технологияларды кеңінен пайдалану да ұсынылды. Бұл жол ақысын төлеу талаптарының сақталуын қадағалауға мүмкіндік бермек.

Серік Жұманғарин жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалатын шығын әлі де бюджет есебінен өтеліп отырғанын айтты. Оның сөзінше, жол инфрақұрылымын өз шығынын өзі өтей алатын жүйеге көшіру қажет.

Жұмыс тобына ұсыныстарды мемлекеттік органдармен және кәсіпкерлермен бірлесіп пысықтау тапсырылды. Негізгі ұсыныстар қараша айының соңына дейін әзірленіп, келесі отырыста қаралады.

Әзірге жаңа төлем мөлшері бекітілген жоқ. Барлық өзгеріс ұсыныс ретінде талқыланып жатыр.

Соңғы жаңалықтар