Ресей азаматтығынан бас тартқан Higgsfield басшысы Қазақстан төлқұжатын алды

Абдрахманов Мағжан
06 қараша 2026, 10:41
Ресей азаматтығынан бас тартқан Higgsfield басшысы Қазақстан төлқұжатын алды Сурет авторы: Facebook/ Жаслан Мәдиев

Жасанды интеллект көмегімен бейне және сурет жасауға арналған Higgsfield компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қазанда кәсіпкерге Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойған. Жаслан Мәдиев Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын өзі табыстаған.

Forbes Kazakhstan басылымының хабарлауынша, Higgsfield компаниясының баспасөз қызметі кәсіпкердің Қазақстан азаматтығын алу үшін Ресей азаматтығынан бас тартқанын растаған.

Алекс Машрабов кім?

Алекс Машрабов – жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін кәсіпкер. Бұған дейін ол америкалық Snap компаниясында генеративті жасанды интеллект бағытын басқарған.

2023 жылы Машрабов қазақстандық инженер Ерзат Дулатпен және Махи де Силвамен бірге Higgsfield компаниясын құрды. Компания жасанды интеллект көмегімен бейнежазбалар мен суреттер жасауға арналған технологияларды дамытады.

Higgsfield-тің бас кеңсесі АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында орналасқан. Компанияның Алматыда да кеңсесі бар.

Биыл қазанда әлемдегі ірі технологиялық компаниялардың бірі NVIDIA Higgsfield-ке қаржы салғаны белгілі болды. Компанияның инвесторлары қатарына америкалық TCV қоры да қосылған.

Бұған дейін, 28 қаңтарда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Higgsfield компаниясының техникалық директоры Ерзат Дулатпен кездескен. Сол кезде компания мамандарының шамамен 95 пайызы қазақстандықтар екені хабарланған.

Соңғы жаңалықтар