$ 488.37 € 559.77 ₽ 6.64

Қазақстандықтардың 70%-дан астамында қарыз бар

Абдрахманов Мағжан
22 маусым 2026, 12:51
Қазақстандықтардың 70%-дан астамында қарыз бар Сурет авторы: freepik

Қазақстандағы несие алушылардың жартысына жуығы ай сайынғы табысының 50%-дан астамын берешектерін өтеуге жұмсайды. «Demoscope» қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының зерттеуі осындай нәтиже көрсетті.

Зерттеу орталығының мәліметінше, осы жылдың 10-23 мамыры аралығында азаматтар арасында «Қазақстан азаматтарының несиеге батуы» тақырыбында сауалнама жүргізілген. Сауалнама нәтижесінде респонденттердің 72,7%-ының қолданыстағы несиесі немесе қарызы бар екені анықталды. Оның ішінде 39,7%-ының бір несиесі болса, 33%-ы бірнеше несие рәсімдеген. Ал сұралғандардың тек 27%-ының ғана ешқандай несиелік міндеттемесі жоқ болып шықты.

Қаржылық міндеттемелердің ішінде ең көп таралғаны – тұтынушылық несие, ол респонденттердің 70,4%-ында бар. Сонымен қатар қарыз алушылардың 45,7%-ы бөліп төлеу (рассрочка) қызметін пайдаланса, 14,4%-ы автонесие, ал 13%-ы ипотека алған. Тұрғындардың несие жүктемесі де өте жоғары: несиесі бар азаматтардың 46,7%-ы ай сайынғы табысының жартысынан көбін банктерге төлейді, тағы 24,5%-ы табысының төрттен бірінен жартысына дейінгі бөлігін қарызды өтеуге жұмсайды.

Айта кетейік, елдегі несие жүктемесін азайту мақсатында үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда қарыз бермес бұрын борыштық жүктеме коэффиценті (БЖК) мен берешектің табысқа қатынасы коэффиценті (БТК) ескеріледі. Сондай-ақ кепілсіз тұтынушылық банк қарыздарының ең жоғары сомасы 2200 АЕК (9,5 млн теңге), ал микрокредиттер үшін 1100 АЕК (шамамен 4,8 млн теңге) болып шектелді. Бұған қоса, төлемі 90 күнтізбелік күннен асқан азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге заңмен тыйым салынған.

Соңғы жаңалықтар