$ 488.37 € 559.77 ₽ 6.64

«Өмір бойы өкініп өтемін»: Әл-Фарабидегі қайғылы апатқа кінәлі жүргізуші соңғы сөзін айтты

Абдрахманов Мағжан
22 маусым 2026, 14:25
«Өмір бойы өкініп өтемін»: Әл-Фарабидегі қайғылы апатқа кінәлі жүргізуші соңғы сөзін айтты Сурет авторы: t.me/prokadrykz

Александр Пак Алматы қаласында өтіп жатқан сот отырысында 21 наурызға қараған түні болған өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы ісі бойынша соңғы сөзін айтты. Ол жәбірленуші тараптан кешірім сұрап, болған жағдай үшін толық жауапкершілікті мойындайтынын жеткізді.

Сотталушы өз сөзінде қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, оқиғаны өзгерту мүмкін еместігін атап өтті.

«Бұдан кейін ештеңені өзгерту мүмкін емес. Менің кесірімнен өмірден өткен адамдарды қайтарып алу мүмкін емес. Қаза тапқандардың ата-анасынан және жақындарынан шын жүректен кешірім сұраймын. Бұл – өмір бойы жанымда жүретін трагедия. Мен ақталуға тырыспаймын және болған жағдайдың ауырлығын жеңілдетуге ұмтылмаймын. Мен жауапкершіліктен қашпаймын», – деді ол.

Сонымен қатар ол соттан өз шешімін қабылдау кезінде тек процессуалдық мәртебесін емес, жеке өмірлік жағдайын да ескеруді сұрады.

«Мені тек айыпталушы ретінде ғана емес, ата-анасының ұлы, балаларының әкесі, жарының күйеуі ретінде де көрсеңіздер екен деймін. Мен бұған дейін ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылған емеспін, мұндай жағдайға тап боламын деп ойлаған да жоқпын», – деп сипаттады Пак өзін.

Ол өзіне қатысты қоғамда тараған пікірлерге де тоқталып өтті.

«Мен Тараздан шыққан қарапайым адаммын, 20 жыл еңбек етіп, барлығына өз күшіммен жеттім. Мен миллионерлердің, миллиардерлердің баласы емеспін. Саяси тұлғалармен ешқандай байланысым жоқ», – деді айыпталушы.

Қайғылы жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу деректеріне сәйкес, Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан үш адам қаза тапты.

Соңғы жаңалықтар