$ 488.37 € 559.77 ₽ 6.64

Қырғызстандағы қос фамилияға қатысты дау: Шежірешілер бастамаға қарсылық білдіруде

Редакция
22 маусым 2026, 10:20
Қырғызстандағы қос фамилияға қатысты дау: Шежірешілер бастамаға қарсылық білдіруде Сурет авторы: Depositphotos.com

Қырғызстанда азаматтарға балаларына ата-анасының тегін дефис арқылы біріктіріп, қос фамилия беруге рұқсат беретін заң жобасы қоғамда қызу пікірталас тудырды. «Азаматтық хал актілері туралы» заңға өзгеріс енгізуді көздейтін бұл бастама дәстүрлі құндылықтарды қорғаушылар тарапынан сынға ұшырады, деп хабарлайды 24.kz.

17 маусымда жарияланған заң жобасына сәйкес, ата-аналар өз еркімен баласына қос фамилия бере алады. Алайда шежірешілер қауымдастығы мен ақсақалдар алқасы бұл өзгерісті қырғыз халқының  «жеті ата» институтына төнген қауіп деп бағалауда. Қоғамдық шежіре академиясының өкілдері мұндай бастама ғасырлар бойы қалыптасқан генеалогиялық сабақтастықты әлсіретіп, халықтың тарихи тамырына нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдайды.

Заң жобасының авторларының бірі, депутат Дастан Бекешев сын-пікірлерді негізсіз деп санайды. Норма ең алдымен Қырғызстанда тұратын өзге этнос өкілдерінің құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Бастаманың түпкі мақсаты - фамилиясын сақтап қалғысы келетін азаматтардың заңды мүддесін қорғау.

 Депутат аталған норманың қырғыздың «жеті ата» дәстүріне ешқандай кері әсері жоқтығын, қажет болған жағдайда заң жобасына тиісті нақтылаулар енгізілетінін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта заң жобасы қоғамдық талқылау сатысында. Билік өкілдері мен дәстүрлі құндылықтарды жақтаушылар арасындағы пікірталас жалғасуда.

Соңғы жаңалықтар