$ 488.37 € 559.77 ₽ 6.64

Қазақстан боксшылары Қытайда өткен Әлем кубогында үздік үштікке енді

Редакция
22 маусым 2026, 09:45
Қазақстан боксшылары Қытайда өткен Әлем кубогында үздік үштікке енді Сурет авторы: olympic.kz

Қытайдың Гуян қаласында бокстан World Boxing-2026 Әлем кубогының екінші кезеңі аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы жарысты жоғары нәтижемен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте екінші орынға табан тіреді.

Турнирге 44 елден 333 спортшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында 20 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Қазақстан намысын қорғаған 17 боксшы 5 алтын және 3 қола медаль иеленіп, жарыстың үздік нәтиже көрсеткен командаларының қатарына қосылды.

Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салған спортшылар:

 Санжар Ташкенбай (50 кг)

 Абылайхан Жусупов (70 кг)

 Айбек Оралбай (+90 кг)

 Назым Қызайбай (+54 кг)

 Виктория Графеева (60 кг)

Финалдық жекпе-жектерде отандастарымыз халықаралық аренада танымал қарсыластарын жеңді. Атап айтқанда, Виктория Графеева Олимпиада чемпионын, ал Назым Қызайбай әлем чемпионатының жүлдегерін тізе бүктірді. Сонымен қатар Аида Абикеева (65 кг), Валерия Аксенова (80 кг) және Дина Исламбекова (+80 кг) қола жүлдеге ие болды.

Жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен бірінші орынға шықса, Қазақстан 5 алтын және 3 қола жүлдемен екінші сатыға жайғасты. Үздік үштікті Өзбекстан боксшылары түйіндеді.

Бұл нәтиже қазақстандық бокс мектебінің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Соңғы жаңалықтар