$ 488.37 € 559.77 ₽ 6.64

ЖОО-ларға қабылдау басталды: талапкерлерге арналған маңызды ақпарат

Редакция
19 маусым 2026, 13:03
ЖОО-ларға қабылдау басталды: талапкерлерге арналған маңызды ақпарат Сурет авторы: Qaz365.kz

20 маусымнан бастап еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында қабылдау комиссиялары өз жұмысын бастады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

ҰБТ нәтижесімен мемлекеттік грант конкурсына қатыспайтын талапкерлер осы күннен бастап таңдаған университеттеріне ақылы бөлімге құжат тапсыра алады. Ал мемлекеттік білім беру грантына үміткерлердің өтініштері 13-20 шілде аралығында қабылданады. Осы кезеңде талапкерлер өздері таңдаған білім беру бағдарламалары мен жоғары оқу орындарын көрсете алады.

Грант конкурсына өтініш беру үшін міндетті түрде таңдаған университетке барудың қажеті жоқ. Құжаттарды еліміздегі кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы, сондай-ақ виртуалды қабылдау комиссиялары мен eGov порталы арқылы онлайн түрде тапсыруға мүмкіндік бар.

Биылғы жылы жоғары оқу орындарына түсу үшін белгіленген шекті балл өзгерген жоқ. Ұлттық университеттерге түсу үшін кемінде 65 балл, басқа ЖОО-ларға 50 балл қажет. Педагогикалық мамандықтарға – 75 балл, денсаулық сақтау саласына – 70 балл, ал құқық бағыты бойынша 75 балл жинау талап етіледі.

Сонымен қатар талапкерлер Қазақстан тарихы мен екі бейіндік пәннен (немесе шығармашылық емтиханнан) кемінде 5 балл, оқу және математикалық сауаттылық пәндерінен кемінде 3 балл алуы тиіс. Жекелеген жоғары оқу орындары өз білім беру бағдарламалары бойынша қосымша шекті балл белгілеуі мүмкін.

Мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері 10 тамызға дейін анықталып, нәтижелер жарияланады. Құжат қабылдау науқаны 25 тамызға дейін жалғасады.

 

Соңғы жаңалықтар