$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Жол сапасына бақылау күшейеді: Үкімет мердігерлерге талапты қатайтпақ

Абдрахманов Мағжан
29 қазан 2026, 12:18
Жол сапасына бақылау күшейеді: Үкімет мердігерлерге талапты қатайтпақ Сурет авторы: depositphotos

Қазақстанда автомобиль жолдарын салатын мердігер ұйымдардың жауапкершілігі күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне тиісті шараларды әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жаңа талаптар тек мердігерлерге ғана емес, жол құрылысына техникалық бақылау жүргізетін ұйымдарға да қатысты болмақ.

«Автожол саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы аясында мердігер ұйымдардың жауапкершілігі мен техникалық қадағалауды күшейту жөніндегі шаралар әзірлеуді тапсырамын», – деді Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық автожол жобаларының жүзеге асырылуы мен жолдардың жай-күйіне Көлік министрлігі жауапты екенін айқындағанын атап өтті. Осыған байланысты министрлікке жергілікті жолдардың жағдайын, оларды салу және жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауға алу тапсырылды.

Үкімет отырысында елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мәселелері де қаралды. 2027 жылы барлық көлік өткізу бекеттерін салу және жаңғырту жұмыстарын аяқтау, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу көзделген.

Сондай-ақ келесі құрылыс маусымында «Көкшетау – Петропавл» күре жолын кеңейту жұмыстары басталуға тиіс. Көлік министрлігіне халықаралық жүк тасымалын арттыру үшін отандық тасымалдаушыларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар