$ 455.63 € 507.89 ₽ 5.65

Қысқы дөңгелек сатып алғанда алданып қалмаңыз: ІІМ ескерту жасады

Абдрахманов Мағжан
28 қазан 2026, 15:42
Қысқы дөңгелек сатып алғанда алданып қалмаңыз: ІІМ ескерту жасады Сурет авторы: ашық дереккөзден

Күн суытып, көлік дөңгелектерін ауыстыру науқаны басталған кезде интернетте қысқы дөңгелек сатуды желеу еткен алаяқтар белсенді болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды сақ болуға шақырды, деп хабарлады Polisia.kz.

Ведомство мәліметінше, алаяқтар интернеттегі сауда алаңдарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қысқы дөңгелектерді арзан бағамен сату туралы хабарландыру орналастырады. Содан кейін тауарды алып қою үшін алдын ала төлем жасауды немесе ақшаны толық аударуды сұрайды.

Алаяқтар сатып алушыны асықтыру үшін сұраныстың жоғары екенін және дөңгелектердің аз қалғанын айтуы мүмкін. Ақша түскеннен кейін олар байланысқа шықпай, сатып алушыны бұғаттап, хабарландыруды өшіріп тастайды.

ІІМ қысқы дөңгелек сатып алғанда мына сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

– тауарды көрмей тұрып бейтаныс сатушыға алдын ала төлем жасамау немесе толық соманы аудармау;
– бағасы тым төмен ұсыныстарға сақтықпен қарау;
– мүмкіндігінше дөңгелекті ресми дүкендер мен сенімді сауда орындарынан сатып алу;
– ақша төлемес бұрын тауардың бар-жоғын және жағдайын тексеру;
– күмәнді сілтемелерді ашпау, банк деректері мен SMS-кодтарды бөгде адамдарға бермеу.

ІІМ өкілдері тым төмен баға мен ақшаны тез арада алдын ала аударуды талап ету интернет алаяқтығының белгісі болуы мүмкін екенін ескертті. Алаяқтыққа тап болған азаматтарға 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар