$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

Мүфтият «ред флагтың» белгілерін атады

Абдрахманов Мағжан
29 қазан 2026, 14:38
Мүфтият «ред флагтың» белгілерін атады Сурет авторы: Freepik

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Иман» журналы әлеуметтік желіде жиі қолданылатын «ред флаг» ұғымына қатысты мақала жариялады. Онда адамның қарым-қатынастағы қауіпті мінез-құлқының белгілері аталып, мәселеге психологиялық және діни тұрғыдан түсінік берілген.

Мақалада «ред флаг» қарым-қатынаста, отбасында, достықта немесе жұмыс ортасында кейін үлкен мәселеге айналуы мүмкін ескерту белгісі ретінде түсіндіріледі. Оның тек ер адамдарға ғана қатысты емес екені де айтылған.

Елордалық отбасы және балалар психологы Айсұлу Қалағанованың айтуынша, мұндай белгілерге шектен тыс қызғаныш, айла-шарғы жасау, ашуға бой алдыру, өзгеге қасақана зиян келтіру және жауапкершіліктен қашу жатады.

Мақала авторы «ред флаг» байқалған адамның бәрін бірден «жаман адам» деуге болмайтынын атап өткен. Адам өз мінезі мен әрекетін саралап, мұндай әдеттерін өзгерте алады.

Сондай-ақ өтірікті әдетке айналдыру, ашуланғанда өзін ұстай алмау, үнемі өзгелерді кінәлау, өз қатесі үшін кешірім сұрай алмау, басқа адамның жеке шекарасын сыйламау, ата-анасына, әлсіз адамдарға немесе қызмет көрсетушілерге дөрекі сөйлеу қауіпті белгілердің қатарына жатқызылған.

Ерлі-зайыптылар арасындағы шектен тыс қызғанышты «махаббат», ал бақылауды «қамқорлық» ретінде көрсету де осындай белгілердің бірі ретінде аталады. Бұған қоса, уәдеде тұрмау және өзіне айтылған сынды қабылдай алмау да назар аударатын мінез-құлық ретінде көрсетілген.

Мақалада адамның белгілі бір әрекетін бір рет жасауынан бұрын, оның үнемі қайталанатынына, адамның өз қатесін мойындайтынына және оны түзетуге талпынатынына мән беру керектігі жазылған.

Діни тұрғыдан мұндай жағымсыз мінезді өзгерту нәпсі тәрбиесімен байланыстырылған. Автор адамның өз бойындағы кемшіліктерді байқап, тәубе етуі, ренжіткен адамдарынан кешірім сұрауы және мінезін түзетуге талпынуы қажет екенін жазған.

Соңғы жаңалықтар