$ 457.09 € 508.42 ₽ 5.67

«Самұрық-Энерго» басшысының отставкасынан кейін Бектенов энергетикалық жобаларға қатаң талап қойды

Абдрахманов Мағжан
29 қазан 2026, 12:35
«Самұрық-Энерго» басшысының отставкасынан кейін Бектенов энергетикалық жобаларға қатаң талап қойды Сурет авторы: Qrnews/ ЖИ иллюстрациясы

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың қызметтен босатылу себебін түсіндірді. Оның айтуынша, бұған жаңа электр қуатын өндіретін нысандарды салу және іске қосу мерзімдерінің тиісті деңгейде бақыланбауы себеп болған, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

«Энергетика саласы бойынша Мемлекет басшысы Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында электр стансалары жобаларын жүзеге асыру еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететінін атап өтті», – деді Бектенов Үкімет отырысында.

Премьер-министр жаңа қуат көздерін салу мен іске қосудың белгіленген мерзімдері тиісті деңгейде бақыланбағандықтан, бір күн бұрын «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасын қызметінен босату туралы шешім қабылданғанын айтты.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елде электр энергиясының тапшылығы әлі де бар екенін айтып, жаңа электр стансаларын іске қосу мерзімдерінің бұзылып жатқанын сынға алған еді.

«Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатыр», – деген еді Мемлекет басшысы.

Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Қор бұл шешімді компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қарқынының баяу жүруімен және жаңа қуаттарды салу мен пайдалануға беру мерзімдеріне бақылаудың жеткіліксіз болуымен түсіндірген.

Енді Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұздағы энергетикалық жобаларды уақтылы жүзеге асыру және мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу жөнінде шара қабылдау тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар